Павлодарда мәдениеттерді би арқылы тоғыстыратын National festival өтеді

Павлодарда мәдениеттерді би арқылы тоғыстыратын National festival  өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Фестиваль аясында бір сахнада ұлттық және заманауи би бағыттары тоғысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

26 тамызда Павлодар қаласында хореография, ұлттық мәдениет және түрлі халықтардың өнерін біріктіретін National festival фестивалі ұйымдастырылады.

Мерекелік шараның басты мақсаты – би өнері арқылы мәдениеттердің алуан түрлілігін көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау.

— Фестиваль аясында бір сахнада ұлттық және заманауи би бағыттары тоғысады. Қатысушылар түрлі халықтардың мәдениетін музыка, хореография, қимыл-қозғалыс және ұлттық киімдер арқылы таныстырады. Көрермендерге жарқын би қойылымдары, мәдениеттер көрмесі және мерекелік бағдарлама ұсынылады, - делінген хабарламада.

National festival Павлодар қаласы әкімінің қолдауымен, қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ерке Ертістің жағасында» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясындағы шағын гранттар бағдарламасы бойынша өткізіледі. Жобаны «Жасыл Ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтары Павлодар штабы бірлесіп жүзеге асыруда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жастарды шығармашылыққа тартуға, мәдени мұраны насихаттауға және түрлі этнос өкілдерінің өнері арқылы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтуға бағытталған.

Фестиваль 26 тамыз күні, сағат 15:00-де «Ертіс Promenade» басты сахнасында өтеді.