Павлодарда мас жүргізуші жиырма тәулікке қамалды

Павлодарда мас жүргізуші жиырма тәулікке қамалды
Фото: ЖИ

Ол дүкен баспалдағына соғылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көлік құралын алкогольдік масаң күйде жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасап, материалдық залал келтірген іс бойынша қала тұрғынына қатысты істі қарады.

Осы жылдың мамыр айында азамат «ВАЗ 21093» автокөлігін басқарып келе жатып, рөлге ие бола алмай, Чайковский көшесіндегі дүкеннің баспалдағына соғылған. Соққы салдарынан баспалдақ құрылымы мен көлік зақымданып, дүкен иесіне материалдық залал келтірілген.

Медициналық куәландыру жүргізушінің жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Сот азамат Л-ның Жол қозғалысы ережесінің бірнеше тармақтарын бұзғанын анықтады. Ол кінәсін мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларға дау айтпады.

Сот қаулысымен азамат Л. ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қаулы заңды күшіне енді.