Павлодарлықтар әлеуметтік аударымдарды қате аударса, онлайн түрде қайтара алады
Бұл қызмет түрін міндетті зейнетақы жарналарында да қолдануға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
109 облыстық бірыңғай байланыс орталығының мәлімдеуінше, мемлекеттік корпорация сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Пилоттық жоба негізінде азаматтарға ыңғайлы болу үшін электрондық үкімет порталы арқылы артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және міндетті зейнетақы жарналарының қате есептелген сомаларын қайтару бойынша сервис іске қосылды.
Жаңа жоба қызмет алушылар үшін қате аударылған қаражатты қайтару жолын жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне жүктемені айтарлықтай азайтаты айтылады. Өтінім беру үшін жұмыс беруші электрондық үкімет порталындағы деректерді толтырса жеткілікті. Сондай-ақ, төлеушінің деректемелерін және оның төлем тапсырмасының деректерін көрсетуі шарт.
Бұл - қате аударылған әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын қайтару, жүктілік және 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің дұрыс есептелуі мен тағайындалуы үшін қажет.
- Бұған дейін жұмыс берушілер мемлекеттік корпорацияға келіп, ақшалай қаражатты қайтару туралы өтінішті қағаз күйінде тапсыратын. Одан бөлек өтініштер пошта қызметі арқылы жіберіліп, оларды жеткізу ұзақ уақытты талап ететін. Біз азаматтардың қолайлығы үшін eGov.kz порталында осы сервисті іске қостық. Енді жұмыс берушілер мен төлеушілер, өтінішті онлайн жіберіп, уақыттарын едәуір үнемдей алады. Сондай-ақ, жаңа сервистің арқасында қызмет көрсету мерзімі 15 күннен 12 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сонымен қатар, өтініш берушілер өтінішінің қаралу дәрежесін бақылай алады», - деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасының орынбасары Асхат Ибраев.
Айта кетейік, бұл сервис ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында бірлесіп жасалған бұйрық нәтижесінде іске асырылды.
Аталмыш инновацияны жүзеге асыру «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесіп атқарылған қызметінің нәтижесінде мүмкін болды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ұйымдар екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат алу бойынша сервисті іске қосқан болатын.