Екібастұзда жылу желілерін жөндеуге қанша қаражат жұмсалатыны белгілі болды
Екібастұздың жылу желілерін жаңартуға 9 млрд теңге, қазандықтарын жөндеуге 15 млрд теңге жұмсалады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда Екібастұз қаласының 5,3 км жылу желілерін жаңартуға 9 млрд 064 млн 380 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімдігі мен «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ арасында жауапкершілікті жергілікті атқарушы органмен бөлу бөлігінде меморандумға қол қойды. Екібастұз жылу-электр орталығының су жылыту және энергетикалық қазандықтарын жөндеу бойынша қажетті жұмыстардың тізбесі айқындалды. Меморандум шеңберінде ЖЭО-ның 5 су жылыту қазандығы (№11-15) және 3 энергетикалық қазандық (№6, 7, 8), сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттарды жөндеу жұмыстарын меншік иесімен тепе-тең негізде шамамен 15 млрд теңге сомаға жүргізу бойынша іс-шаралар әзірленді», - деп жазады Роман Скляр.
Сондай-ақ, нысандағы 5 су жылыту қазандығында жөндеу жұмыстарының есептеулері жүргізіліп жатыр.
«Бұдан басқа, жылумен жабдықтаудың температуралық кестесін сақтамауына байланысты «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС 2022 жылғы қарашадан бастап (2023 жылғы наурызды қоса алғанда) жылу энергиясы үшін қайта есептеу жүргізді. Сондай-ақ, акционерлердің есебінен 2022 жылғы желтоқсанда және 2023 жылғы қаңтарда тұтынушыларға нормативтік тұтынуға сәйкес тұтынылған электр энергиясы үшін өтемақы жасалды. Бұл ретте 2023 жылдың ақпан және наурыз айлары үшін өтемақыны жасау мәселелерін жергілікті атқарушы орган және «ОАЭК» АҚ пысықтап жатыр», - деп жазады вице-Премьер.