Павлодарда Моцарттың симфониясы джаз жанрында шырқалды

Павлодарда Моцарттың симфониясы джаз жанрында шырқалды

Астаналық саксофонистер импровизация ойынмен әуенді тыңдарманды тәнті етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық И.Байзақов атындағы филармонияда «Festival de ritmo» концерті өтті. Джаз оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Виктор Шейкин Павлодарға өзінің бұрынғы шәкірттерін шақырды. Евгений Ботников Президенттік оркестрде саксофонда ойнайды. Ал Гнесин атындағы Ресей музыка академиясын бітірген Шыңғыс Жанділдин Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушы болып жұмыс істейді.

–  Оларды тәжірибелі, үздік музыканттар деп намыспен айта аламын. Астаналық саксофонистрмен бір сахнада жолын жаңа бастайын деп отырған жергілікті колледж студенттері мен Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері сазды кештің ырғағын құрастырды. Ал баритондар триосы: Алмас Мұқатай, Айбар Ашкеев және Әлижан Қазбеков тыңдармандарға керемет вокалды сыйлады. Кеш жоғары деңгейде, өте жақсы өтті,– деді Виктор Шейкин.


Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Әлижан Қазбеков үшін бұл концерт дебюттік болды. Астаналық университет бітірген Әлижан туған қалаға оралып, облыстық филармонияда солист болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол музыкалық колледжде жас және болашақ музыканттарға сабақ береді.

–  Мен үшін джаз оркестрімен бірге ән айту құрмет болды,– деп бөлісті Әлижан Қазбеков.

Ал 11 жастағы Оқушылар сарайының «Тұмар» эстрадалық вокал студиясының тәрбиеленушісі Ерсұлтан Кеңесхан кештің жарқын жұлдызына айналды. Ол Робертино Лореттидің Jamaica әнін орындап, тыңдармандарды тәнті етті. Ерсұлтан бірнеше рет халықаралық байқаулар мен фестивальдарда жеңіске жеткен болатын.


Концерт бағдарламасына 13 музыкалық шығарма, оның ішінде Моцарттың №40 симфониясының джаз вариациясы кірді. Сондай-ақ, Испания елінің әуендері де шырқалған болатын.

Фото: Есенжол Исабек және облыстық филармония