Павлодарда Шәкен Аймановтың жеке заттары көрмеге қойылады

Павлодарда Шәкен Аймановтың жеке заттары көрмеге қойылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл режиссердің туғанына 110 жыл толады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

15 ақпанда сағат 15:00-де «Ertis» мұражайында «Қазақ киносының саңлағы» атты Ш.Аймановтың 110 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді. Шараны Г. Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырады.

– Шәкен Аймановтың өмірдеректерінен және кино, спектакльдердегі киімдерінен көрме қойылады. Оған жергілікті зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар, актерлар, студенттер және Павлодарда тұратын немерелес ұрпақтары шақырылады, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы. 

Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Айманбұлақ ауылында туған. Азан шақырып қойған есімі — Шаһкерім. Ол — қазақтың біртуар азаматы, КСРО халық әртісі, актер әрі режиссер.

Шәкеннің әкесі Кенжетай балаларына жастайынан домбыра үйретіп, өнер мен ән-күйге баулып өсіреді. Өзі саятшылығымен аты шыққан, өнерге құмар жан болған. Бала Шәкеннің әкесі мен жездесі Қали Байжановтың арқасында бойындағы әртістік дарыны ерте байқалады. 

Шәкен Айманов 1932-33 жылдары театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында бірқатар рөлдерді ойнады. Көп ұзамай классикалық пьесалар бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді шебер орындауымен көпшілік көзіне түседі. Әсіресе оның орындауындағы Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырды. Айманов актерлік өнерімен қатар режиссерлік шығармашылықпен де айналысып, спектакльдер қояды.