Павлодарда домбырашылар айтысты
Айтысқа он екі оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында барлық облыстар мен мектептерде, мектептен тыс ұйымдарда бір мезгілде ақындар айтысы өтті.
Құрманғазы атындағы №1 музыкалық мектепте жас айтыскерлер жұппен сынға түсіп, жыр өрді. Аталмыш байқауда «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубы мен музыкалық мектептің тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
– Бұл айтыс мемлекеттік бағдарлама аясында өткізілуде. Тәлімгерлеріміз кәсіби маман болмаса да оларды байқауға дайындап, жұпқа бөліп, айтыстырып көрді. Бұл – біз ұйымдастырып отырған алғашқы оқушылар айтысы. Сондықтан форматты жеңілдеттік, – дейді музыкалық мектеп басшысының тәрбие жөніндегі орынбасары Нұрлан Қайшанов.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақнұр Айтбай мен Арғын Ақылбек жұбы жеңіп алса, екінші орын Сымбат Алтаева мен Дінмұхаммед Қажыкеновке, Мейірбек Қылышбек пен Назира Теміралиноваға бұйырды. Үшінші орынға үш жұп ілікті. Олар – Арғынбек Тоқпанов, Тамерлан Қуанов, Нұрай Сақтаған, Мергүл Мереке, Саида Аслямғали, Мейрімжан Ертай.
Жыр додасына қатысқандардың ең кішісі 11-де болса, ең үлкені – 15-те. Алайда жас ерекшелігіне шектеу болған жоқ.
Еске сала кетейік, Успен ауданында өткен айтыстың бас жүлдесін түркістандық айтыскер Еркебұлан Қайназар ұтып алған еді.