Павлодарлықтар Арман Қаниды еске алды

Павлодарлықтар Арман Қаниды еске алды
Фото: Музейден

Ақынның құрметіне «Жас толқын» мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Бақтанұлы Қанидың құрметіне арналған «Арқаға аты мәлім – Арман ақын» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, бейнематериал көрсетілді. Және музей қызметкерлері Мизан Жұмәлі және Шапағат Назымгүл әсем әндерін шырқады. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрышев Айтмұхамбет Қасымбайұлы туралы жылы лебізінмен бөліссе, ақынның жары Бақыт Аханбайқызы музей ұжымына ақынды еске алып, байқау ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. 

Кеш барысында Арман Бақтанұлы Қани атындағы «Жас толқын» мәнерлеп оқу байқауының қорытындысы шығарылды. 

Байқауда жүлделі 1-орынға Диляра Табаева лайық болса,  2-орын Дәулет Жархынболатұлына бұйырды. Ал 3-орынды Ерәли Жұмабек еншіледі. Жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетелік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын, журналист Арман Қани 1954 жылы 22 ақпанда  Павлодар қаласында дүниеге келген. Күрескер ақын «Ар алдында», «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды тұман», «Сен және мен», «Үйлесім», «Баянауыл жырлары», «Қарашығымдағы бейнелер», «Кереку жырлары», «Туған жер төсінде», «Замандастар» кітаптарының авторы.