Ақсу металлургтері Imanbek-пен қайта ән шырқады

Ақсу металлургтері Imanbek-пен қайта ән шырқады
Фото: Константин Шелков

Ақсу ферроқорытпа зауыты мен әлемге әйгілі музыкант Imanbek арасындағы шығармашылық жоба күтпеген жерден жалғасын тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен жылдың желтоқсан айында  Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылау мақсатында кәсіпорын қызметкерлері мен танымал DJ әрі музыкалық продюссер Иманбек Зейкенов бірігіп музыкалық бейнебаян түсірген еді. Аталмыш жоба әлеуметтік желілерде кең таралып, оқырмандар арасында жағымды әсер қалдырды. Зауыттың ресми Youtube арнасында бейнебаян мыңдаған қаралым жинады.

– Желтоқсанда Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылап, еуразиялықтар мен талантты жерлесімізбен бірге клип түсірдік. Ал жуырда ешкім жоспарламаған жалғасы болды: Imanbek Ақсу ферроқорытпа зауытының жас қызметкерлерімен кездесіп, жігіттер клиптен үзінді орындады. Ешқандай дайындықсыз. Тіпті бірнеше дубльсіз түсірілді деседе болады, – деп атап өтті кәсіпорында.

Бейнебаянда өндірістегі еңбек пен жұмысшы мамандықтарының маңызы көрініс тапқан. Кадрларда қызғылт сары каска мен арнайы киім киген жас қызметкерлер өндіріс барысын көрсетіп, өз еңбектері жайлы баяндады. Жоба авторлары жұмысшы мамандықтарының маңызын және күн сайын отандық өнеркәсіптің дамуына үлес қосып жүрген адамдардың жауапкершілігін көрсетуді мақсат еткен. 

Ән жолдарында да қарапайым еңбекке құрмет байқалады:

«Еңбегімнің жемісін көрем,

Елімнің келешегіне үлес қос – бізбен бірге.

Қолыңмен істе, жүрегіңмен ізде,

Еңбек түбі – бәрін жеңбек».

Алайда, желі қолданушылары арасында өткен жылғы клипте айтылған сөздер ерекше ықыласқа бөленген. 

«Аяқ киімім ешқашан таза болмайды,

Бірақ бұл елде біз – басты оптимистерміз.

Арнайы киіміміз «Gucci» болмаса да,

Одан пайда көбірек – мен сонымен мықтымын!» 

Бұл сөздер еңбек адамдарының өзіндік әнұранына айналып, өндіріс саласын таңдаған көптеген жас маманға шабыт берді. 

Айта кетейік, жоба өндіріс қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу және насихаттау мақсатында Қазақстанның тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылды. Түсірілімге сондай-ақ «Патруль» сериалының актерлері Медет Аманбаев пен Еділ Анарбай қатысты. 

Иманбек Зейкенов үшін бұл оқиғаның орны айрықша. Өйткені ол еңбек жолын дәл осы Ақсу қаласында, кәсіпорында жұмыс істеуден бастаған еді. Кейін әлемге танылған DJ-ге айналды.