Павлодарда полиция қызметінің көп қырлы бейнесін көрсететін бірегей көрме ашылды

Павлодарда полиция қызметінің көп қырлы бейнесін көрсететін бірегей көрме ашылды
Фото: облыстық ПД ұсынды

Ол «Заң мен тәртіп» ақпараттық-ағартушылық акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында «Бейбіт күндердің батырлары» атты фотокөрмесі паш етілді. Шараның салтанатты атмосферасын батылдық пен Отанға қызмет ету тақырыбындағы музыкалық шығармаларды орындаған оркестр сыйлады.

Экспозицияда келушілерге полиция қызметінің көп қырлы бейнесін көрсететін бірегей фотосуреттер қойылды – қоғамдық тәртіпті қорғаудан бастап, күнделікті қызметтік өмірге және адам өмірін сақтап қалған батырлық әрекеттерге дейін.

Павлодар облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Жанар Белялованың айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – қызметтің кең аудиторияға көрінбейтін, шынайы жағын көрсету.

– Заң және тәртіп — бұл әрқайсымыздан басталатын мәдениет. Полиция жұмысы тек құқық бұзушылықпен күресіп қана қоймай, өрт, су тасқыны және төтенше жағдайларда азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған. Қызметкерлердің басты миссиясы – адамдармен бірге болып, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету, – деді ол.

Экспозиция қала тұрғындары мен қонақтарының, сонымен қатар Қарағанды, Өскемен, Семей және Қостанай қалаларынан келген «Заңды күлкі» КВН финалдық ойынына қатысушыларының, студенттер мен мектеп оқушыларының назарын аударды.

Келушілердің ерекше қызығушылығын Баянауыл ауданының полиция қызметкерлері Мұрат Нұрсейітов пен Баянбек Жүнісовтың ерлігін көрсететін экспозиция тудырды. 2017 жылы олар жүк көлігінен жолын бөгеп, мектеп оқушыларын аман алып қалды. Батылдық танытқаны үшін Мұрат Нұрсейітов «Айбын» III дәрежелі орденімен, ал Баянбек Жүнісов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 

– Фотокөрме маған өте ұнады. Әсіресе Мұрат пен Баянбектің ерлігі қатты әсер етті. Олар өз денсаулығы мен өмірін тәуекелге тігіп, 18 баланы аман алып қалды. Біздің мектеп оқушылары үшін полиция қызметкерлерінің мұндай ерліктері – өлшеусіз. Жастар өздерін-өзі құрбан ету, патриотизм және халыққа қызмет ету дегеннің не екенін білуі тиіс. Бүгін фотокөрменің қатысушысы болып, полиция қызметкерлері туралы көптеген оқиғаларды көріп, есту мені қуантты. Әрбір фотосурет әсер етті, – деді №22 орта мектептің мұғалімі Олжас Қоңратбаев.

Сонымен қатар, фотосуреттер полиция қызметкерлеріне деген терең құрметті фотоөнер арқылы жеткізді. Келушілерге ыңғайлы болу үшін әр фотосуретке QR-код қойылған, оны сканерлеп, суреттің артындағы оқиғаны біле алды.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, көрме полиция қызметкерлерінің маңыздылығын көрсетуге және күн сайын тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін адамдарды еске салуға бағытталған.