Павлодарда «Самал» орталығы жұмысын қашан қайта бастайды?

Ғимаратты қайта жөндеу кезінде барлық ем алушылар мемлекеттік орталықтарға орналастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы жылдан бастап өзгерген заңнама талаптарына сәйкес орталық лицензиясыз жұмыс істей алмайды. Бұған дейін «Самал» орталығының әкімшілігіне ең төменгі штаттық норматив пен материалдық-техникалық жарақтандыру талаптарына сәйкестендіріп, лицензия рәсімдеу қажеттігі бірнеше рет хабарланған. Бұл ретте лицензиялаудың болмауына байланысты шарт бұзылған.
Орталықтың ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Қимыл-қозғалысы шектеулі балалар үшін лифт орнату, есіктерді кеңейту және басқа да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахымова жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғимарат тендерге қойылатынын және «Самал» міндетті түрде қатыса алатынын алға тартты.
– Бүгінгі таңда орталықтың қызметі тоқтатылды, балалар мемлекеттік орталықтарға бөлінді. Әрине, қарсы көрсетілімдері бар бірқатар балалар бар. Оларға әлеуметтік қызметкерлерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Самал» тендерге қатысқаннан кейін жеңіске жетеді және лицензия алғаннан кейін өз қызметін одан әрі жүзеге асыра алады деп үміттенеміз, – дейді Әлия Рахымова.
Бүгінгі орталықтың кейбір қызметкерлері бос орындарға жұмысқа орналастырылған. Бірақ барлығын толығымен жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жоқ екені айтылды. Себебі бірқатар қызметкерлердің тиісті білімі жоқ. Мәселен, мемлекеттік орталықтарда бүгінгі таңда педагогикалық білімі бар мамандар қажет. Атап айтқанда, логопед, дефектолог, кәсіби терапия нұсқаушылары.
– Лицензия алу туралы Еңбек министрлігі қазан айынан бастап үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізді. Ғимараттары міндетке сәйкес келмесе, басқа ғимаратты жалға алып, тиісті жұмыстар жүргізіп, лицензия алуға мүмкіндік болды. Яғни, «Самал» орталығы кем дегенде балаларға арналған басқа ғимаратты жалға алып, лицензия алуға болар еді. Бірақ олар ондай мүмкіндікті жіберіп алды. Әйтседе, орталық басшысы өз қызметін жабуды жоспарламайды. Егер ағымдағы жылдың соңына дейін олар тендерге қатысса, өз қызметін қайта бастауға мүмкіндіктері бар.
Айта кетейік, өңірде мүгедектігі бар 29,4 мыңнан астам адам тұрады, оның ішінде: I топтағылар – 4182 адам, II топтағылар – 11234 адам, III топтағылар – 10075 адам және 18 жасқа дейінгі бала саны – 3917.