Павлодарда сарбаздар әскери ант қабылдады

Павлодарда сарбаздар әскери ант қабылдады
Фото: 5512 әскери бөлім

Түркістан, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 196 сарбаз  5512 әскери бөлімінің саптық алаңында жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Әскери бөлімінің мәліметінше, іс-шараға қатысқан «Аналардың жүректері» сарбаздар аналарының комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лилия Хайруллина, 6679 әскери бөлімінің командирі, подполковник Аманжол Айтенов, 5512 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы майор Сабыр Мусин, Павлодар қаласы Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрмет орденінің иегері Ғалымжан Шарапатов сарбаздарды атаулы мерекемен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

–  «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген нақыл сөзді білмейтін бір де бір жан жоқ шығар. Даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы: «Біз де сүйек, еттен жаралған жанбыз. Біздің жанымызды тебіренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бірақ біздің жүрек отты жүрек, – деген даналық сөзі бүгінгі өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімдерді қалыптастырудың негізгі тетігі. Әскери ант қабылдау рәсімі – әскер қатарына ел қауіпсіздігі мен тұтастығын қорғау үшін келген әр азаматтың өміріндегі ең маңызды қадамдарының бірі, – деп атап өтті бөлім командирі, подполковник Арман Пернеқұлов.

Әскери ант қабылдаған әскерилердің қатарында «Динамо» ДШСҚ ҚБ құрамында тұрған спортшы, жеті жыл жұдырақтасып, «Қазақстан чемпионаты», халықаралық жарыстар мен универсиадаларда жүлделі орындарға ие болған Берік Темиржанов та болды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру құрметі оқу пунктінің үздік атқышы, қатардағы жауынгер М.Сәрсембаевқа берілді. Отан алдында ақтық демі қалғанша адал қызмет етуге салтанатты түрде серт берген сарбаздардың арасында ер түріктің бесігі – Түркістан шаһарынан шақырылған бір әулеттің  ағайындылары  Бақберген Бақтияр мен Ерасыл Бақтияр бар.