Павлодарда жүргізуші куәлігін алатындардың көбі – жастар
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында кезек мәселесі шешімін тапқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» Павлодар облысы бойынша филиал директоры Асылбек Сапарбек мәлім етті.
– Бүгінгі таңда бұрынғыдай кезек мәселесі қиындық туғызбайды. Себебі – жүргізу куәлігін алатындардың көбі жастар. Бүгінгі таңда жастар заманға зай түрлі технологияларды қолдануды жақсы меңгерген. Олар электронды түрде сайт арқылы кезекке тұрады, сондықтан қолайсыздық туғызбайды, – дейді Асылбек Сапарбек.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Павлодар облысы бойынша филиал директорының орынбасары Рахат Қошановтың айтуынша, көлік жүргізу куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға келген тұрғындарға автомектеп сертификатынсыз бірнеше ғана мүмкіндік беріледі.
– Көлік жүргізу куәлігін алу үшін жеке куәлік, медициналық анықтама, мемлекеттік баж салығы төленгенін растайтын құжат қажет. Осы құжаттарды алып келіп, екі кезеңдік емтиханнан өтесіз. Бірінші кезең тест түрінде өткізіледі. Жол жүру ережесі бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беріп, келесі кезеңге өте аласыз. Екінші кезеңде автодромда арнайы көліктермен практикалық емтихан тапсырады, – дейді Рахат Қошанов.
Спикердің айтуынша, егер де емтиханды сәтсіз тапсырып, құлап қалған жағдайда сегіз күннен кейін қайта тапсыруға болады. Мұндай мүмкіндік үш мәрте беріледі. Ал егер де автомектеп сертификаты болса, бір жыл бойы қайта тапсыру қарастырылған.
Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша екі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Оның бірі Екібастұз қаласында биыл шілде айында жұмысын бастады.