Павлодарда тек бір тәулік ішінде спирттік ішімдік ішкен 70-тен астам тұрғын ұсталды

Олар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ойын алаңдары, саябақтар, аулалар және тұрғын үйлердің кіреберістері жалпыға ортақ болып табылады, алайда кейбір азаматтар бұл орындарда мас күйінде жатады.
– Бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Сондықтан аталмыш бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алкогольді ішу немесе қоғамдық жерде мас күйінде жүру – ең көп таралған құқық бұзушылықтардың бірі. Осыған байланысты полицейлер үнемі рейдтік, профилактикалық іс-шаралар өткізеді, – деді департаментте.
Жыл басынан бері құқықтық тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда мас күйінде болған 800-ге жуық азаматты анықтады. Тек бір тәулік ішінде Павлодар қаласында 74 азамат ұсталып, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.
– Мысалы, Лермонтов көшесіндегі дүкеннің жанында мас күйінде ер адам байқалды. Полицейлер бұл азаматты уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырды. Кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді тәптіп сақшылары.
«Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, полиция қызметкерлері аймақ тұрғындары мен қонақтарынан қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрайды.