Павлодарда сайлау учаскесіндегі комиссия мүшелері ұлттық киіммен келді
Павлодар қаласындағы Академик Сәтбаев көшесі, 156 мекенжайында орналасқан №54 сайлау учаскесі - белсенді учаскелердің бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Учаскедегі сайлау комиссиясының төрағасы Армангүл Рахымжанова мұнда тіркелген сайлаушылар белсенділік танытып жатқанын атап өтті.
- Учаскемізде барлығы 2103 сайлаушы тіркелген. Бұл учаскеде бұрын да комиссия құрамында жұмыс жасағанмын. Әркез жартысынан көбі келіп, дауыс береді. Белсенді учаскелердің қатарына жатамыз. Бүгін де таңертең сайлаушылар белсенді келді. Қазір бәсеңдеді. Бірақ учаске сағат 20:00-ге дейін ашық болады. Әлі де келеді деп үміттенеміз. Себебі, бүгін маңызды, еліміздің тағдыры шешілетін күн ғой, - деді Армангүл Рахымжанова.
Комиссия мүшелері алдағы Ұлыстың ұлы күніне орай учаскеге ұлттық киіммен келген.
Ең алғашқы дауыс беруші учаске ашылған сәтте, сағат 07:00-де келген. Сондай-ақ 18-ге толып, алғаш дауыс беретін 6 адам тіркелген.
- Бірінші болып дауыс берген адамға сыйлық берілді. Оған қоса, алғаш дауыс берушілерге, егде жастағы адамдарға да сыйлықтар берілуде. Қазіргі уақытта алғаш дауыс беруші 2 жас азамат келді. Жасы 80-нен асқан 10-ға жуық адам таңертең келіп, дауыс берді, - деді Армангүл Рахымжанова.
Еске салайық, Павлодар облысында таңғы жетіден бастап 523 сайлау учаскесі іске қосылды. Олардың жүзден астамы облыс орталығында орналасқан.
Сайлау учаскелері сағат 20: 00-ге дейін ашық болады. Облыста сайлауда дауыс беруге құқығы бар 512 200 кәмелетке толған тұрғын бар.