Павлодарда суға құлаған қызды құтқарған оқушы марапатталды

Павлодарда суға құлаған қызды құтқарған оқушы марапатталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оған алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Еркенқызы Шапық Шөкин атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Данил Фрикенмен кездесті. Ол 26 мамыр күні Усолка шағынауданында суға құлаған қыз балаға дер кезінде көмек көрсетіп, батылдық танытқан.

– Осындай оқиғаларды естігенде, ерлік пен батылдықтың жасқа қарамайтынын түсінесің. Данил қорқып қалмай, адам өмірі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Осындай балаларымыз бар екеніне шын қуандым, – деді басқарма басшысы Instagram-парақшасында.

Кездесу барысында оқушыға алғыс білдіріліп, оның батыл әрекеті мен жауапкершілігі жоғары бағаланды. Данилге алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.

– Меніңше, осындай балаларды міндетті түрде атап өту керек. Олардың жақсы ісін көпшілікке айтып, қолдап отыруымыз қажет. Себебі дәл осындай жастар біздің болашағымызға деген сенімді күшейтеді, – деп атап өтті Әйгерім Еркенқызы.

Басқарма басшысы оқушының ата-анасына да ризашылығын білдіріп, мұндай мейірімді әрі жауапты азаматты тәрбиелегені үшін алғыс айтты.