Павлодарда суды қоқыстан тазалайтын робот көрсетілді
XXIII Сәтбаев оқуларында ең жас қатысушы өзекті мәселені қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Санжар Досов № 8 мектеп-лицейінің 3-ші сыныбында оқиды. Ол мұндай сайыстарға бұған дейін де қатысып жүргенін айтады.
– Мен 4 жасымнан бастап техника құрастырумен айналысып келемін. 2-сыныптан бастап ғылыми жобаларға қатысамын. Республикалық сайыстың 2-орын иегерімін. Осы жолы суды қоқыстардан тазарту жобасын ұсынып отырмын, – дейді Санжар Досов.
Жас өрен жазғы демалыста өзен-көлдердің ластанғанына бейжай қарай алмай, осындай жоба құрастыруға бел байлағанын айтады.
– Жалпы тек облыс бойынша емес, еліміздің көптеген өзен-көлдері ластануда. Осы мәселені көре отырып, қоқыс жинайтын робот жасап шығардым, – дейді оқушы.
Ол болашақта робототехник болуды армандайды.
Мақсат Көлтайұлы