Павлодарда күн қуатымен жұмыс істейтін ақылды үй жасалды

Павлодарда күн қуатымен жұмыс істейтін ақылды үй жасалды
Фото: Торайғыров университеті, Валерий Бугаев

Ақылды үйдегі құрылғы қауіпсіздікке жауап береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сәтбаев оқуларына қатысып жатқан «Жас дарын» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушылары Төрехан Жұмабай мен Аңсар Айдарбеков ақылды үйдің жобасын таныстырды. Үйдің басты ерекшелігі – күнмен қуаттанып, электрэнергиясын алады. 

– Қазіргі кезде қаладан алыс, электр бағандары жоқ жерлерде үй салғанда ток тарту қаражатқа қатты әсер етеді. Сол себепті, біз баламалы энергия қолданысын таңдадық. Туындымыздың атауы – «жасыл энергетика». Бұл жобаны екі аптаға жуық уақыт құрастырып шықтық, – дейді жас өнертапқыштар.  

Оқушылар қоршаған ортаға кері әсерсіз қуат көзін меңгеруді мақсат қылған. Ол үшін күннен қуат алатын панельдерді қолданған. 

Жобаның тағы бір ерекшелігі ақылды үйде қауіпсіздік бойынша дабыл қондырғылары орнатылған. 

– Үйге бейтаныс адам кіргенде үш құрылғыға әсер етеді. Олар – дыбыс, вибрация, есіктің бұзылу датчиктері. Осы арқылы бөтен адамның кіргенін анықтайды, – дейді Төрехан Жұмабай. 

Айта кетейік, құрылғылар мобильді жүйеге қосылған. Сондықтан үйге бейтаныс адам кіргенде телефонға СМС хабарлама келеді.

Мақсат Көлтайұлы