Павлодарда түтін басқан үйден жеті адам құтқарылды
Медициналық көмекке ешкім мұқтаж болған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
16 қаңтарда Павлодар қаласында бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерден түтін шыққаны туралы хабарлама «101» қызметінің пультіне түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері пәтерде үй заттарының жанып жатқанын және қою түтіннің үй кіреберісіне таралғанын анықтады. ТЖД күштері баспалдақ арқылы жеті адамды, оның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарды. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде өрт қысқа уақыт ішінде сөндіріліп, ауыр зардаптардың алды алынды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ашық от көздері мен электр құралдарын қараусыз қалдырмау, электр сымдарының жағдайын бақылау, сондай-ақ өртті ерте анықтауға көмектесетін автономды өрт хабарлағыштарын орнату маңызды екені еске салынады.