Павлодарда түрмеге байланыс құрылғысын кіргізбек болғандардың әрекеті іске аспады
Тыйым салынған заттарды №45 түзеу мекемесіне жеткізбек болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталмыш түзеу мекемесін күзететін Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінің қызметкерлері қырағылық танытқан. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің көлік құралдарын бақылау тобы түзеу мекемесіне кірмек болған «Газель» көлігінен тыйым салынған заттарды анықтады. Ұландықтар металл іздегіш құрылғы арқылы жүк көлігіндегі құрылыс материалдарының әрқайсысын жіті бақылаудың арқасында бұзушылыққа жол бермеді.
- Мерзімді әскери қызметшілер жүк көлігін тексеру барысында құрылыс материалдарының ортасында қаз қатар тізілген цемент қаптары күдікті көрінді. Әрбір қапты ашып, тінтіп, толықтай тексергенге шамамен екі сағаттай уақыт жұмсалды. Өйткені, тыйым салынған заттар әр қаптың түбіне нығыздап салынған, - деді 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы аға сержант Қайрат Сиражев.
Тексеру нәтижесінде құрылыс материалдарының ішінен 26 дана sim картаcs, 3 дана ұялы телефон, 13 дана сымсыз құлаққап, 4 дана сымды құлаққап, 13 дана қуаттау қондырғыларына арналған қуат блогы, 24 дана USB сымы, 1 дана 4 G АЛТЕЛ стационарлық WI-FI роутері және 3 дана қалта WI-FI роутері табылды.