60 жылдық тұрақтылық: «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» компаниясы мерейтойын атап өтеді

60 жылдық тұрақтылық: «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» компаниясы мерейтойын атап өтеді
Фотосуреттерді компанияның баспасөз қызметі

Компания 1965 жылы құрылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» акционерлік қоғамы 22 қазанда өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Компания облыстың шашыраңқы энергетикалық жүйесін біріктіріп, біртұтас әрі қуатты энергетикалық кешен құрды. Бұл кешен Павлодар облысын электр қуаты мен жылумен қамтамасыз етіп келеді.

Павлодарда электр энергиясын өндіру 60-жылдарға дейін республика бойынша жалпы өндірістің небәрі 1%-ын ғана құрады. Ал 80-жылдарға қарай, нақтырақ айтқанда 90-жылдары бұл көрсеткіш 40-45%-ға дейін жетті. Алғашқы қазандықтар, турбиналар мен генераторлар – барлығы өңірдің энергетика саласындағы алғашқы құрылғылар болды. Бұл кезең үлкен күш-жігерді, тынымсыз еңбекті қажет еткен аса күрделі және ауыр жұмыс болатын, – деп еске алды Қазақстан энергетикасының ардагері Альберт Сафарбаков.

Компанияда атап өткендей, бүгінде «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» – белгіленген электр қуаты 765 МВт, жылу қуаты 1486 Гкал/сағ, 180 қосалқы станциясы, 15 мың шақырымнан астам электр желісі және 400 шақырым жылу желісі бар ірі интеграцияланған кәсіпорын.

Компания өңірдің 600 мыңнан астам тұрғыны мен шамамен 13 мың заңды тұлғасының жайлы өмір сүруін қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары компания инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді: 2022 жылы Павлодар 3-ЖЭО жаңа түтін құбырының темірбетон оқпанының құрылысы аяқталды; 2023 жылы Екібастұз ЖЭО және Екібастұз жылу желілерінде ауқымды жөндеу кампаниясы өткізілді; 2024 жылы «Солтүстік Қалалық» қосалқы станциясы, 3-ЖЭО-дағы жаңа түтін құбыры және №73 орталық жылу пункті пайдалануға берілді; 2024 жылы «ПЭТК» АҚ мамандары Казань қаласында оқытудан өтіп, 0,4 кВ электр желілерінде кернеулі жұмыс істеудің озық әдістерін қолдана бастады, ал 2025 жылы Павлодар ЭТК электр монтерлері оқуды сәтті тәмамдап, Қазақстанда алғаш болып 10 кВ электр желілерінде электр қуатын ажыратусыз кернеулі жұмыстар жүргізе бастады, – деді компанияның баспасөз қызметі.

Өндірісті басқаруды автоматтандыру саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Павлодар 3-ЖЭО-дағы барлық қазандық агрегаттарына автоматтандырылған басқару жүйелері орнатылып, қазандықтардың жұмыс режимдері оңтайландырылды. Бұл тұтастай станция жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

– «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның басты байлығы – адамдар. Компаниялар тобының кәсіпорындарында төрт мыңнан астам жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Олардың әрқайсысы өз ісінің маманы болып табылады, – деп атап өтті  «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Щемель.

Мамандардың айтуынша, компания жыл сайын даму қарқынын арттырып, жаңа цифрлық технологияларды енгізу мен жабдықтарды жаңарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сенімділігін арттыру және сапасын жақсарту.