Павлодарлықтарға мүлік сату кезінде салық төлеудің жаңа тәртібі түсіндірілді
Жаңа ереже бойынша тұрғын үйді салықсыз сату үшін оны иелену мерзімі екі жылға дейін ұзартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026 жылы Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты мүлікті сату кезінде жеке табыс салығын төлеу тәртібі өзгерді. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жаңа талаптар мен өтпелі кезеңнің ерекшеліктерін түсіндірді.
Департаменттің мәліметінше, мүлік сатып алынған бағадан қымбатқа сатылса, олардың арасындағы айырма құн өсімінен түсетін табыс болып есептеледі. Осы пайдадан 10 пайыз жеке табыс салығы төленеді.
Негізгі өзгеріс тұрғын үйге қатысты. Енді салықтан босатылу үшін баспананы иеленудің ең төменгі мерзімі бір жылдан екі жылға дейін ұлғаяды.
Алайда 2026–2027 жылдарға өтпелі кезең қарастырылған.
– Егер тұрғын үй 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған болса, бұрынғы талап сақталып, бір жыл иелік еткеннен кейін оны салықсыз сатуға болады. Ал осы күннен кейін сатып алынған баспана үшін екі жылдық мерзім қолданылады. 2028 жылдан бастап екі жылдық талап барлық тұрғын үй жылжымайтын мүлкіне ортақ болады, – деді ведомствода.
Жаңа құрылыстарға қатысты да жеке тәртіп қарастырылған. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты бойынша талап ету құқығын басқаға бергенде шарт жасалған күннен бастап үш жыл немесе меншік құқығы рәсімделгеннен кейін екі жыл өтсе, салық төленбейді.
Ал кейбір мүлікті сату кезінде иелік ету мерзімі есепке алынбайды. Қазақстандағы коммерциялық жылжымайтын мүлік, шетелдегі жылжымайтын мүлік және цифрлық активтерді сатып алу бағасынан қымбатқа өткізген жағдайда құн өсімінен салық төленеді.
Автокөліктерге қатысты бұрынғыдай бір жылдық мерзім қолданылады.
– Қазақстанда тіркелген көлік бір жылдан астам уақыт иелікте болса, оны сатқан кезде салық туындамайды. Бір жылға жетпей қымбатқа сатылса, ЖТС сатып алу мен сату бағасының айырмасынан есептеледі. Шетелде тіркелген автомобильдер бойынша құн өсіміне иелік ету мерзіміне қарамастан салық салынады, – делінген хабарламада.
Мемлекеттік кірістер департаменті бастапқы құнды анықтаудың да ерекшеліктеріне назар аударды. Жылжымайтын мүліктің сатып алу құжаты болмаған жағдайда ресми бағалау немесе кадастрлық құн негізге алынады. Ал шетелден әкелінген автомобильдің бастапқы құнына кедендік баждар, ҚҚС, акциздер және утилизациялық алым енгізіледі.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін тұрғын үй сатып алатын азаматтарға оны кейін сату кезінде екі жылдық иелік ету мерзімін ескерген жөн.