Павлодарда зертхана қызметіне байланысты тұтынушы құқығы қорғалды
Қызмет көрсетуші компания талдауды жасамай, төлемді қайтарудан бас тартқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Азамат жас баласының қанына зертханалық талдау жүргізу үшін қалалық медициналық зертханалардың біріне жүгінген болатын.
– Қызмет құны «М» ЖШС-нің кассасы арқылы төленіп, баланың қаны зерттеу үшін алынды. Алайда, 10 күн өтсе де талдау нәтижесі дайын болмады. Азамат зертханаға хабарласқанда, биологиялық материал жеткіліксіз болғандықтан зерттеу жүргізілмегені туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, төленген қаражатты қайтарудан бас тартылып, қайтадан қан тапсыру және қызмет үшін қосымша ақы төлеу талап етілді, – деді облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың баспасөз қызметі.
Бұл жағдайға байланысты азамат ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментіне және Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы өтініш білдірді. Алайда формальды негіздерге байланысты өтініштер қанағаттандырылмады.
Сотта жүргізілген татуластыру рәсімі барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің араласуымен азаматтың зертхана қызметіне жұмсаған ақшасы қайтарылды.
Медиативтік келісім аясында Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті талап қоюшының өтініші негізінде зертханада жоспардан тыс тексеру жүргізуге міндеттенді. Тексеру нәтижесінде зертханада заң бұзушылықтар анықталып, ЖШС-не бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылды.
Сот актісі заңды күшіне енді.