Павлодарда жүздеген адам бос орындар жәрмеңкесінде жұмыс берушілермен жүздесті

32 тұрғын жұмысқа шақырту алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жастарды дамыту орталығында «JJ: Jastarga Jumys» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның мақсаты – жастарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші жастар арасында тікелей байланыс орнату. Жәрмеңкеге барлығы 30 ұйым белсенді қатысты.
Олар тарапынан 242 бос жұмыс орны ұсынылды. Жалпы 100-ден астам адам жәрмеңкеге келді. Олардың қатарында колледж студенттері, ЖОО түлектері және жас мамандар болды. Нәтижесінде 32 қатысушы тікелей жәрмеңке барысында жұмысқа орналасты немесе жұмысқа шақырту алды.
Қалған жастар кеңес алып, болашақта жұмысқа орналасу үшін қажетті байланыстар орнатты.
Жәрмеңке жұмыссыз жастарды қоса алғанда, 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында жиі ұйымдастырлып отырады. Жұмыспен қамту ұйымдары мен орталықтарының өкілдерімен жеке консультациялар алуға болады. Іс-шара жастар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, мансаптық бағдарларды қалыптастыруға, сондай-ақ жас мамандар арасында жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған.