Павлодар облысында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 500-ден аса іс-шара өтеді

Кішкентай тұрғындар мерекеде тақырыптық алаңдарға барып, көрмелер мен қойылымдар тамашалай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде мәдениет мекемелерімен 1 маусымға 500-ден аса іс-шара өтеді. Қос бірдей театрда театрландырылған қойылымдар, ертегілер сахналанады.
– Жыл сайын жазғы демалыс кезінде музейлеріміз балалармен өте белсенді жұмыс атқарады, себебі жаз мезгілінде балалардың көпшілігі осы музейлерге келушілердің қатарында болып саналады. Дәстүр бойынша мерекелік күндері барлық балаға музейдегі есіктерді тегін айқара ашуды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.
2 маусым күні «Лад» ұлттық аспаптар оркестрі Кенжекөл ауылындағы балалар үйінде көшпелі концерт ұйымдастырады, ал көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханасында «Көңілді жаз» мерекелік іс-шарасы, Сүлеймен Баязитов атындағы оқу орталығында «Мейірім фест» инклюзивті балалар фестивалін өткізеді.
Спорт тарапы да Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеуге қатысады. Қалалар мен аудандар бойынша 55 іс-шара өткізу жоспарлануда.
– Спорт желісі бойынша жазғы демалыс кезінде 24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде төртеуі мамандандырылған мектеп-интернаттар болып табылады. Облыстағы мектептер жазғы кезеңде 40-тан астам спорттық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр, 2000-ға жуық адамды бұқаралық спортпен қамтылады, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жакенов.
1 маусымда қаланың кішкентай тұрғындары үшін Орталық жағажайда Қазақстан балалары тақырыбына арналған үлкен мерекелік алаңдар құрылады. Он локацияда басқармалар тарапынан тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Әсемпаз өнер әлемі» алаңында балалардың сурет көрмелері, шеберлік сыныптары көрсетіледі.
Денсаулық сақтау басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, ішкі істер департаменті экология және туризм балалар мен жасөспірімдер орталығымен бірге «Өмір сақшылары» алаңына жауапты болады. Балаларға алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сыныбы, экопатруль, эко акциялар өткізіледі.