Вейп саудасы: Павлодар облысында 10 миллион теңгеге тауар тәркіленді

Вейп саудасы: Павлодар облысында 10 миллион теңгеге тауар тәркіленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде темекі шегуге тыйым салуды бұзудың 500-ге жуық фактісі тіркелген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжиннің айтуынша, 2024 жылы ішкі істер органдары «мүлдем төзбеушілік» шеңберінде 117 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.

Оның ішінде 1375-і – ұсақ бұзақылық, 6929-ы –  тыныштықты бұзу, 6282-сі –  абаттандыру ережесі, 1990-ы –  жалпы пайдаланымдағы орындарды ластау, жол қауіпсіздігі бойынша 91 мыңнан астам, оның ішінде мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін 1622 бұзушылық тіркелген.

Ал  темекі шегуге тыйым салуды бұзудың 496 фактісі тіркелген. 

–  Былтырдан бастап «вейп» сатуға тыйым салынғандықтан, интернетте тұрақты мониторинг жүргізудеміз. Нәтижесінде 2024 жылы сегіз интернет-дүкенді әшкереліп, 10 миллион теңгеге тауар тәркіленді. Сондай-ақ, Павлодар қаласында «вейп» сақтайтын ірі қойма анықталып, бес миллион теңгеге тауар алынды, – деді Руфат Кенжин.

Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішудің 9794 фактісі тіркелген, бұл – өткен жылмен салыстырғанда артық.

– Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу – маусымдық бұзушылық. Себебі, көрсеткіш жылы мезгілде өседі. Яғни тұрғындар алкогольді ішу үшін аулаға шығады. Бұл әрекеттерін үйде бала бар, ыңғайсыз, ал далада ешкімге кедергі жасамай, тыныш отыратындығымен байланыстырады, – дейді Руфат Кенжин.

Ол сондай-ақ, алкогольді заңсыз сату және оны 21 жасқа толмаған адамдарға сату фактісінің екі есе өскенін атап өтті.