Павлодарда жаңа бейінді бөлімшелер жүздеген науқасқа медициналық көмек көрсетуде

Павлодарда жаңа бейінді бөлімшелер жүздеген науқасқа медициналық көмек көрсетуде
Фото: Константин Шелков

Облыс орталығында жаңа пульмонология және гастроэнтерология бөлімшелері жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жыл басында іске қосылған бөлімшелер қысқа уақыт ішінде тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болды. Бұрын тыныс алу және ас қорыту жүйесі ауруларына шалдыққан пациенттер жалпы терапия бөлімінде ем қабылдаса, енді бейінді мамандардың бақылауымен емделуде.

Павлодар облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалы директорының орынбасары Әсел Оқапованың айтуынша, бұл бөлімшелерді ашуға өңір тұрғындары тарапынан сұраныстың артуы мен аталған ауру түрлерінің көбеюі себеп болған.

– Тыныс алу және ас қорыту жүйесі ауруларымен ауыратын науқастар саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан арнайы бейінді бөлімшелерді ашу қажеттілігі туындады. Мұнда Павлодар облысының барлық аудан-қалаларынан науқастар келіп ем қабылдай алады. 2026 жылға арналған  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы келісімшарт сомасы 5,6 миллиард теңгені құрайды, – деді ол.

Пульмонология бөлімшесінде бронх демікпесі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, пневмония және тыныс алу жүйесінің өзге де аурулары емделеді. Мұнда пациенттерге дәрі-дәрмекпен қатар вибромассаж және тұзды шахта сынды қосымша физиотерапиялық процедуралар жүргізіледі.

Пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі  Анжела Недовизинаның айтуынша, қазіргі таңда күн сайын орта есеппен сегіз шұғыл және екі жоспарлы науқас қабылданады. Шұғыл түрде көбіне пневмония мен бронхиалды астма диагнозымен түсетіндер көп. Ал жоспарлы түрде муковисцидоз, өкпенің интерстициалды ауруы  және  бронхоэктатикалық  ауруы бар пациенттер ем қабылдайды.

– Кеше жансақтау бөліміне тұншығу ұстамасымен түскен науқастың жағдайы тұрақтандырылды. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық. Мұндай аурулардың пайда болуына қоршаған орта, ауа сапасы және тазаланбаған кондиционерлердегі микробтар да әсер етуі мүмкін, – деді бөлімше меңгерушісі.

Мамандардың сөзінше, пульмонологиялық ауруларды емдеу ұзақтығы орта есеппен 10 күнді құрайды. Алайда науқастың жағдайына байланысты мерзім өзгеруі мүмкін.

Ал гастроэнтерология бөлімшесінде гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, Крон ауруы және ойық жаралы колит секілді асқазан-ішек жолдары аурулары емделеді. Бөлімше дәрігерлерінің айтуынша, соңғы жылдары дұрыс тамақтанбау, күйзеліс және қазіргі өмір салты ас қорыту жүйесі ауруларының көбеюіне әсер еткен.

– Қазіргі таңда бөлімшеде Крон ауруы мен ойық жаралы колитке қарсы биологиялық терапия жүргізіледі. Бұрын мұндай ем алу үшін пациенттер Астана мен Алматы қалаларына жіберілетін. Бұл терапия науқастардың өмір сапасын жақсартып, қалыпты өмір сүруге мүмкіндік береді, – деді гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Замзагүл Смағұлова. 

Дәрігерлердің айтуынша, панкреатит диагнозымен түсетіндердің саны да артқан. Мамандар мұны тұрғындардың тамақтану мәдениеті мен өмір салтының өзгеруімен байланыстырады. Көп жағдайда пациенттер 7-10 күн стационарда ем қабылдап, әрі қарай амбулаторлық бақылауға жіберіледі. Аурудың ауырлығына қарай емдеу мерзімі ұзартылуы мүмкін.

38 жастағы Ақсу қаласының тұрғыны Тлеггүл Онорхаан гастроэнтерология бөлімшесіне бір апта бұрын жолдамамен түскен. Оның айтуынша, аурумен бірнеше ай күрескен.

– Үш-төрт ай бойы асқазан ауруынан қиналдым. Осында келгеннен кейін жағдайым жақсарды. Ертең үйге шығарады. Барлық ем тегін жүргізілді. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – дейді тұрғын.

Қазіргі таңда гастроэнтерология бөлімшесінде екі дәрігер, төрт медбике және екі санитар қызмет етеді.

Жыл басынан бері пульмонология бөлімшесінде шамамен 300 пациент, ал гастроэнтерология бөлімшесінде 200-ге жуық адам ем қабылдаған.

Аққу Самсен