Павлодарда жылу магистралін салу нәтижесінде 200-ден аса үй жылынды

Павлодарда жылу магистралін салу нәтижесінде 200-ден аса үй жылынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

10 мобильдік топ күн сайын жылу режиміне мониторинг жүргізеді,  деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында тұрғындармен кездесуде мәлім етті. 

Жылу желілерінің ауқымды көлемде  85% тозуына байланысты желілер салынып, қайта құрамыз. Мәселен, ағымдағы жылы ұзындығы 2,6 шақырым 13-жылу магистралінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 230 көпқабатты тұрғын үйде жылу режимі жақсарды, – деді Хасар Хабылбеков.

Қала әкімінің айтуынша, аймақ басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасы аясында орамішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жалғасуда. Өткен жылы ұзындығы 11,7 км болатын 1-ші кезектегі жұмыстар аяқталды. Ағымдағы жылы 2-ші кезек бойынша ұзындығы 19,9 км жоба әзірленді. Бұдан басқа, инвестициялық бағдарлама шеңберінде Павлодар жылу желілері техникалық сипаттамаларды жақсарту, инженерлік жылу желілерінің апаттылығын азайту үшін желілерді қайта құру бойынша жұмыстар орындады. 

№73 орталық жылу пункті жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік берді және қаланың солтүстік бөлігінің тұрғындары үшін жылу энергиясының қосымша көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы екі км жылу желілерінің тоғыз учаскесінде жоспарлы күрделі жөндеу жүргізілді.

Жылыту маусымының қауіпсіз өтуі үшін жыл сайын көктем-күз кезеңінде желілердің беріктігіне гидравликалық сынақтар жүргізіледі. 30 км-ден астам жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Күн сайынғы жылу режимін мониторингілеу бойынша жергілікті атқарушы органдар, Павлодар жылу желілері және қызмет көрсететін ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 10 мобильдік топ құрылды. 

Қала әкімі бүгінгі күні қаланы жылумен жабдықтау штаттық режимде өткізілуде екенін атап өтті.