Асайын Байханов: Қазандықтардың тоқтап қалуына «Екібастұзжылуэнерго» кінәлі

Асайын Байханов: Қазандықтардың тоқтап қалуына «Екібастұзжылуэнерго» кінәлі

Облыс әкімі қаладағы жағдайды реттеу үшін 10 күн керек екенін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екібастұз қаласында өткен баспасөз жиынында облыс әкімі Асайын Байханов «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы басшысы Владимир Лесиннің айтқан пікірімен келіспейтінін жеткізді. Ол қаладағы жағдай жылу маусымының соңына дейін реттелмейтінін айтқан болатын. 

– Мен Лесиннің пікірімен келіпсеймін. Қалай болғанда да, жағдайды реттейміз. Әрине, бұл – оңай шаруа емес, дегенмен  ең маңыздысы – келесі жылыту маусымына дайындықты жүргізу.  Ол үшін 10 қазандықтың сегізін жөндеу керек. Сондай-ақ төрт магистарль мен оларға іргелес жатқан желілерде гидравликалық сынақ жүргізу қажет. Олардың жалпы ұзындығы 350 километрді құрайды.  Жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізілетін магистарльдің аумағы 14 километрді құрайды. Сол жерде күрделі жөндеу жүргізіледі, –  деді Асайын Байханов. 

Оған қоса, аймақ басшысы Владимир Лесинді қызметінен босату шешімін қолдайтынын атап өтті. 

– Мен облыс әкімі ретінде бұл шешімді талқылай алмаймын Бірақ бұл шешімді қолдаймын. Себебі, бірінші басшы өзінің жұмысына сенбесе, біз одан соңында жақсы нәтиже күте алмаймыз. Оның міндеті қолындағы күшті дұрыс жұмылдыра білу еді. Жұмысты дұрыс ұйымдастырмағандықтан, станцияда ақаулар жиі орын алды. Қаңтар айының өзінде қазандықтар 17 рет тоқтаған. Қазандықтардың тоқтауы жылудың азаюына әкеледі. Басқа қазандықты іске қосуға уақыт пен адами күш керек. Бұнда әрине, «Екібастұзжылуэнерго» кінәлі, –  деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы қазіргі уақытта жылу параметрі ретке келтірілгенін айтты. Алайда, жылу желілері ластанған үйлер бар. Ол үйлерде жылу жетіспеуде. Желілдерді тазартып, жағдайды қалыпқа келтіруге 10 күн уақыт қажет. 

Сонымен қатар, облыс әкімі алдағы жылыту маусымына дайындық барысында ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын атап өтті. Екібастұзда төтенше жағдай орын алғаннан бері жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд теңге жұмсалған.

Оразбек Саяхат

Фото: Валерий Бугаев және Константин Шелков