Павлодарда Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны жазылған кітап жеті тілде жарық көрді

Ширек ғасыр бойы өткізіп келе жатқан «XХV Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақтың көрнекті ғалымы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, КСРО Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевқа арналған шарада Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы, мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мен Торайғыров университетінің төраға-ректоры Нұрлан Медетов құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгін тарихи күн деп айтуға болады. Себебі, заңғар тұлға, ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған жерлесіміз, академик Қаныш Имантайұлына арналған «XХV Сәтбаев оқулары» өткізілуде. Ғылыми конференцияны бұдан ширек ғасыр бұрын, ол кезде проректор болып жүрген кезде 2001 жылы алғаш рет өткізген едік. Міне, тура 25 жылдан кейін аталмыш шараға биыл бір ерекшелікпен келдік. Арнайы осы күнге Қаныш Сәтбаевтың он томдық толық шығармалар жинағын дайындадық. Бүгін тұсауы кесілді, – деді Қ. Сәтбаев атындағы халықаралық қордың қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы.
Сенат депутаты, оған қоса Қаныштың жан-жақты, ғажайып тұлға екенін шетелдіктер де білу үшін БҰҰ алты тілі – испан, араб, қытай, орыс, ағылшын, француз және жетінші тіл ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінде Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны жазылған бес томдық кітаптың да тұсауы кесілгенін мақтанышпен атап өтті.
– Болашақ ұрпаққа қандай ізгілікті, игілікті істер қалдырамыз деген кезде өшпейтін дүние ретінде он бес том кітаптардың жарыққа шығуы бүгінгі күннің ерекше дүниесі болып саналады деп ойлаймын, – дейді ол.
Жарқынбек Амантайұлы айтулы еңбектер болашаққа мұра болып сан тілге аударылып, оқырманға жол тартып отырғаны үлкен мерей, қуаныш, мақтаныш екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, «XХV Сәтбаев оқулары» байқауына 1500-ге жуық мақала қабылданып, барлығы 36 секциялық отырыс өтуде.
Бұл ретте, Торайғыров университетінің төраға-ректоры Нұрлан Медетов ғылыми конференцияда қоғамды жақсы жаққа өзгертуге қабілетті идеялар күтілетінін алға тартты.
– «XХV Сәтбаев оқулары» тек ғылыми оқиға ғана емес, ойлардың, диалог пен прогрестің нағыз мерекесі болады деген сенімдемін. Әрбір қатысушы мұнда тек кәсіби байланыстарды ғана емес, сонымен қатар үлкен жетістіктердің бастауы болатын жаңа идеяларды таба алады деген үміттемін, – деді университет ректоры.
Ғылым саласын дамытудағы ең жүйелі, ең тұрақты өткізіліп келе жатқан мән маңызы, беделі зор ғылыми конференцияда 700-ге жуық қатысушы өз жобаларын қорғауда.