Павлодар облысында Еуропалық иммундау апталығы басталады

Павлодар облысында Еуропалық иммундау апталығы басталады
Фото: pexels.com/Etatics Inc.

Вакцинациялау тегін жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Республика бойынша 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында «Иммундауға қол жеткізу - өз қолымызда» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы өтеді. 

Вакциналарды қолдану бұрын ондаған мың балалар мен ересектер зардап шеккен және қайтыс болған бірқатар ауруларды азайтуға және кейбір жағдайларда толығымен жоюға мүмкіндік берді. 

– Қазіргі уақытта иммундау бағдарламасы балалар мен жасөспірімдерді 21 инфекцияға қарсы вакцинациялауды қамтиды. Аурулар тізімінің қатарында қызылша, қызамық, паротит, полиомелит, дифтерия, гемофильді инфекция, вирустық гепатит және басқа инфекциялар бар.  Бір жасқа дейінгі балаларға  жұқпалы ауруларға қарсы 11-ден астам екпе салынады, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова. 

Екпелерді республикалық немесе жергілікті бюджеттен тегін көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде алуға болады. Облыста бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жоспарлы түрде қызылшаға қарсы 6 жасқа дейінгі 2200 бала, көкжөтелге, сіреспе дифтериясына қарсы 2364 бала егілді. 

– Иммунизацияның арқасында Павлодар облысында полиомиелит, эпидемиялық паротит дифтериясы, сіреспе жағдайы тіркелмеген. Ата-аналарды балаларына профилактикалық егулер салудан бас тартпауға шақырамын. Вакцинация – бұл жұқпалы аурулардың алдын алудың жалғыз тиімді әдісі екенін білу керек, – деді ол.

Бүгінде облыстық балалар ауруханасының инфекциялық стационарында 202 бала, олардың ішінде 10 бала қызылшамен жатыр.

– Төсек-орын әлі бар. Инфекциялық стационардың реанимациясында қызылша және көкжөтел диагнозы қойылған балалар жоқ, – деді балалар жасындағы ауруларды интеграцияланған басқару жөніндегі облыстық үйлестіруші Жұлдыз Шайхитдинова. 

Оның айтуынша, биыл қызылшамен сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Егер 2024 жылмен салыстырғанда қызылшамен ауыратын балалар арасында сырқаттанушылық 90% төмендеген.