Павлодарда қоқыс алаңында шетелдіктер қамауға алынды
Өзбекстан азаматтары қалалық қоқыс полигонында қоқыс сұрыптаумен айналысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, төрт адамнан тұратын жұмыс бригадасы Түркістан облысы арқылы елге келген.
– Тәртіп сақшылары «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде олардың еңбек рұқсатын ресімдемей жұмыс істегенін анықтады. Шетелдіктер ҚР ӘҚБтК 517-бабының 5-бөлігін бұзғаны үшін сот шешімімен бір тәулік мерзімге қамауға алынды. Өңірде түрлі бұзушылықтар үшін шетел азаматтарының 81-іне елде болу мерзімі қысқартылды, - деді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Облыста 46 шетелдіктің ел аумағында болу мерзімдерін бұзғаны анықталды, олардың үшеуі бұрын елден кетуден қасақана жалтарған және оларға 5 жылға елге кіруге тыйым салынып, мемлекеттен шығарылды. Сондай-ақ жеті шетелдік шығарылды, олардың екеуі соттың бұрын елден шығарып жіберу туралы шешімдерін орындамағаны үшін мәжбүрлеп шығарылды.
49 шетелдік тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырған. Бұл азаматтарға жұмыс берген 14 азамат әкімшілік айыппұл салумен ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
40 жастағы кәсіпкерге қатысты тексеру жүргізілуде. Ол шетелдік жұмыскерлерді өзінің үй шаруашылығында екі рет жұмысқа қабылдаған, алайда оларды әртүрлі техникалық қызмет көрсету станцияларында пайдаланған.