Павлодарда Әлкей Марғұлан кубогі үшін еліміздің жеті университеті бақ сынауда

Студенттер арасында үстел тенисінен республикалық турнир бастау алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы Әлкей Марғұланның кубогіне арналған үстел теннисінен ашық турнир ресми түрде ашық деп жарияланды.
Аталмыш турнирді Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті және Павлодар облысының үстел теннисі федерациясы бірлесе өткізуде. Дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан турнирдің ұйымдастырушылары – Марғұлан университеті «Спорт клубы», «Кәсіподақ ұйымы» және «Жастар саясаты» департаменті.
Жарысқа қатысуға ниет білдірген командалар қатарында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Семей медициналық университеті, Шәкәрім атындағы СМУ, С. Торайғыров атындағы ПМУ, Инновациялық Еуразиялық университеті және Ә. Марғұлан атындағы ППУ бар.
– Барлық қатысушыларға сәттілік серік болсын! Жас спортшылар үшін үстел тенисінің денсаулыққа маңыздылығы өте зор, – дейді турнирдің ашылуына қатысқан Марғұлан университетінің басқарма төрағасы, ректор Ержан Әмірбекұлы.
Жалпы байқауға 42 спортшы тартылады (21 ұл және 21 қыз).