Павлодарда хореографтар тәжірибе алмасты

Павлодарда хореографтар тәжірибе алмасты
Фото pixabay.com\ tsaloka

Тәлімгерлер балаларға өзін-өзі дамыту қабілетін дамытуға көмектесуге дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Mega Dance-2025» жобасы аясында «BI BILE» атты облыстық би фестиваль-байқауынан кейін облыс хореографтарына арналған «Қосымша білім беру жүйесінде хореографияны оқытудың әдістері мен формалары» тақырыбында облыстық семинар өтті.Оған облыстың 22 би ұжымының хореографы қатысты.

Семинардың басты мақсаты хореографиялық білім беру саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу, хореографияны оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын талқылау болды.

–   Шара қатысушыларға оқытудың жаңа тәсілдерімен танысуға, жұмыс істеудің инновациялық формаларын меңгеруге, кіші және ересек жастағы балалармен жұмыс жасау барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді, – деді көркемдік білім беру бөлімінің меңгерушісі Жанар Қалтаева.

Семинар аясында әртүрлі жастағы балалармен жұмыс істеу ерекшеліктері, би дағдылары мен дамытушы техникаларды қалыптастыру әдістері, сондай-ақ тиімді жаттығу ортасын құру жолдары қарастырылды.

–   Қатысушылар оқу үдерісін ұйымдастырудағы тәжірибелерімен, заманауи білім беру технологияларын қолдану және педагогикалық тәжірибеге инновациялық тәсілдерді енгізу жолдарымен бөлісті, – деді ол.

Сонымен қатар, семинарда психоэмоционалдық жағдайларды ескере отырып оқыту, балалардың шығармашылық қабілеттерін хореография арқылы дамыту, жас бишілердің физикалық формасын сақтау мәселелері де қозғалды.

Ұстаздардың айтуынша, хореографтың тек би үйретуші ғана емес, сонымен қатар балаларға өз-өзіне сенімді болуға, қарым-қатынас жасау дағдыларын және өзін-өзі таныту қабілетін дамытуға көмектесетін тәлімгер ретіндегі рөліне ерекше назар аударылу керек.