Павлодарда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытатын жаңа мектеп ашылды

Павлодарда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытатын жаңа мектеп ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ИнЕУ базасында басталған жоба өңірдегі белсенді әйелдердің әлеуетін арттырып, оларды мемлекеттік басқару ісіне даярлауды көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен демалыс күні «Қазақстанның әйелдер күштері альянсы» қоғамдық бірлестігі жанындағы Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінің салтанатты ашылуы өтті. Аталған ұйымның жетекшісі – партияның Әйелдер қанатының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Раушан Даумова. 

– Жоба әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, олардың саяси белсенділігін арттыруға және елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейтуге бағытталған, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Іс-шараға қонақтар мен спикерлер ретінде облыс әкімінің орынбасары, партиялық «TOMIRIS» жобасының қатысушысы Айгүл Маликова, мәслихат депутаттары Сандуғаш Қалижанова, Мадина Жұмадиева, Ольга Поддубная, Татьяна Ляхова, сондай-ақ облыстық филиал басшысының орынбасары Айнұр Мұхамедьярова қатысты.

– Олар өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, шешім қабылдау үдерісіндегі әйелдердің рөлі туралы айтып, әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдады. Бұған дейін партияның облыстық филиалы «Қазақстанның әйелдер күштері альянсы» бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын, – делінген хабарламада.

Осы келісім аясында партия қатарына жаңадан қабылданған Әйелдер қанатының мүшелерін оқыту жоспарлануда. Мектеп тәжірибе алмасуға, оқытуға және өңір мен тұтастай елдің қоғамдық әрі саяси өміріне белсенді қатысуға дайын әйел көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға арналған тиімді алаңға айналмақ.