Павлодардағы той кортежінің соңы айыппұлмен аяқталды
Жастар бірнеше бап бойынша айыпталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментіндегі мамандар әлеуметтік желідегі бейнежазбаларға мониторинг жасауды жалғастырып келеді. Бұл жолы тәртіп сақшыларының назарын той кортежіне қатысушылардың әрекеті аударған.
Бейнежазбада кортеждегі жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзып, авариялық жағдай туғызғаны және жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамағаны анық көрінеді. Осы фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылды.
— Сонымен қатар, кортежге қатысқан 19 жастағы азаматтың әуежай аумағында қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды. Ол автотұрақта шампан бөтелкесін ашып, сусынды айналаға шашқан. Бұл факт бойынша материал сотқа жолданып, құқық бұзушыға айыппұл салынды, - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіп талаптарын сақтауға шақырады. Сондай-ақ жолдағы өзге қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеу керектігін қатаң ескертеді.