Павлодарда кәсіпкерлерге салық реформасын түсіндіруге арналған семинар өтті
Семинарды өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» және экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға «БК Audit» бухгалтерлік компаниясының басшысы, Қарағанды қаласынан келген салық саласының сарапшысы Айжан Балакешова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов және облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ринат Арғынбеков қатысты.
Кездесу барысында ұлттық тауарлар каталогындағы өзгерістер мен оның жаңа жылда іске қосылуы, сондай-ақ «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» үшін арнайы салық режимінің енгізілуі талқыланды.
Айжан Балакешова кәсіпкерлерге жаңа өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, бетпе-бет кездесуде көтерілген сұрақтарға жауап берді. Кәсіпкерлер жеке кәсіпкердің шетелге тауар сатуы, төлемді доллармен алу жағдайында салық режимін қалай есептеуі тиіс, жеткізушінің тауарды тиеген қызметкерлерінің нақты бар-жоғын тексеру тәртібі, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған преференциялардың берілмеуі сияқты мәселелерді талқылады.
– Иә, бізде күрделі салық реформасы жүріп жатыр. Кей тұста ол ауыр, кей тұста жеңіл. Мұның барлығын қазір талқылауға болады. Негізінен салықтық тексерулер құрылымы өзгеріссіз қалды. Тек жоспардан тыс тексерулер қана жүргізіледі, – деді Айжан Балакешова.
Семинар соңында спикерлер кәсіпкерлердің бухгалтерлік есепке қатысты көптеген сұрақтарына жауап берді.
– Осындай әртүрлі саладағы сарапшылармен кездесулерді өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнеске қажетті болған жағдайда жүйелі түрде ұйымдастырып отырады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Іс-шараға қатысқан кәсіпкерлер мен сарапшылар кездесудің өте пайдалы және ақпараттық мәні болғанын атап өтті.