Павлодарлық ардагерлер мерейтойларын «французша» атап өтті
Мереке Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-демалыс орталығында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Замандас» ардагерлер клубының құрылғанына 15 жыл толды. Мереке қонақтары үшін клуб мүшелері қызықты концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Алдымен көрермендерге ұйымның қалыптасу тарихы мен клубтың күнделікті өмірі туралы бейнеролик көрсетілді. Жиналғандар алғашқы директор, Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қабидолла Шәкәрімовтің еңбегін еске алды.
Клубтың қазіргі директоры Нұрбану Әмірғалиева баршаны айтулы күнмен құттықтады. Ол «Замандастың» мақсаты – қарттарға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды қоғамдық өмірге белсенді тарту екенін еске салды.
– Белсенді өмір сүргім келеді, әлі де күш-қуатым бар, қоғамға пайдам тиеді, жас ұрпаққа айтарым бар дейтіндерге біздің клуб есіктері әрқашан ашық. Француз гуманисті Анри Этьеннің «Жастар білсе, кәріліктің қолынан келсе» деген сөзі бар, оны жас кезімде түсінбедім. Бізбен ынтымақтасатын барлық тараптарға – балалар үйіне, Ресей Федерациясының Орталық ғылыми-зерттеу институтына, қоғамдық ұйымдарға, қалалық ішкі саясат бөліміне алғыс айтамын. Барлығы осылай біріксе, жас та біледі, кәрілікің қауқары жетеді, – деді Нұрбану Әмірғалиева.
Ардагерлерді облыс басшылығы атынан ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов құттықтады. Ол облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың құттықтау сөзін жеткізді.
«Шежірелі тарихы қалыптасқан дәстүрлері бар бүгінде беделі жоғары ұйымға айналған Замандас клубы өңіріміздің дамуына үлесін қосып келеді. Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол деген өсиет қалдырған халқымыз үлкенін құрметтеп өскен. Жас буынды мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа тәрбилеудесіздер. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ береке тілеймін», - деп құттықтады Айгүл Маликова.
Павлодарлық композитор Қайырбек Сәтиевтің әні пен ақын Мэлс Ахметжановтың сөзіне жазылған «Замандас» клубының әнұраны шырқалды. Көрермендер үшін «Замандас» хоры ән шырқаса, Елена Богданованың жетекшілігімен «Эврика» тобының әртістері «Би калейдоскопы» номерімен концерт көркін қыздырды.