Павлодардағы әскери бөлімге елдің түкпір-түкпірінен алғыс хаттар келіп түсуде

Павлодардағы әскери бөлімге елдің түкпір-түкпірінен алғыс хаттар келіп түсуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ата-аналар ұлдарының әскерде тәртіп пен жауапкершілікке үйреніп, нағыз азамат болып оралғанын атап өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланының 6679 әскери бөліміне 2-2024 шақырылым сарбаздарының ата-аналары тарапынан алғыс білдірілген видеожолдаулар легі түсіп жатыр. Елдің әр аймағынан – Көкшетау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Шымкент және оңтүстік өңірлерден ризашылыққа толы үндеулер жолдануда.

Әскери бөлімнің баспасөз қызметі атап өткендей, ата-аналар өз жолдауларында ұлдарының әскерде лайықты қызмет атқарғанын айтып, бөлім басшылығына шынайы ризашылықтарын білдіруде. Олардың айтуынша, әскери өмір жас сарбаздарға тәртіптілік, жауапкершілік пен өзіне деген сенім қалыптастыруға үлкен әсер еткен.

Ұлым әскерден нағыз азамат болып оралды. Дисциплинасы мен жауапкершілігі артты. Командирлеріне алғысым шексіз, – дейді сарбаздардың бірінің анасы.

Кейбір сарбаздар борышын өтеген соң мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түсіп, болашағына нық қадам жасауда.

6679 әскери бөлімі түзеу мекемелерін күзету бойынша міндеттерді атқарумен қатар, жеке құрамның рухани-адамгершілік тәрбиесіне де баса назар аударады. Бөлім басшылығы ата-аналардан келіп жатқан жылы лебіздерді ерекше ықыласпен қабылдап, сенім мен қолдау үшін алғыс білдіруде.