Павлодардық шебер қойдың жүнінен ерекше тақиялар тігеді
Қолөнерші бас киімге Әлкей Марғұлан тапқан тарихи көне ескерткіштерді бейнелеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында облыстық «Кимешегім – киелім, тақиялым – үкілім» атты байқау өтті.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын іске асыру шеңберінде «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқауда өңіріміздің 25 қолөнершісі сәукеле, тақия, бөрік және қасаба секілді өздері тіккен бас киімдерін ұсынды.
– Жас шеберлердің өздері тігіп келген тақияларын көріп қуанып жатырмыз. Үлкендер насихаттап жүрген ұлттық үлгідегі киімдер қазіргі жастардың арасында кеңінен таралуда. Ұлттық сананы ұмытпау үшін осындай байқаулар, көрмелер көп ұйымдастырылса, кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болатыны анық, – дейді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестіктің Павлодар облысы бойынша филиалының төрайымы Айжан Апсаттарова.
Облыстың 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастары өздері тігіп келген бас киімдерді қандай идеямен, үлгімен тігілгені жайлы бағалаушыларға көрсетіп түсіндірді.
– Ақ қойдың жүнімен жасалған тақияға Әлкей Марғұлан тапқан тарихи көне ескерткіштердегі бейнелерді қара қойдың жүнін бізбен кестелеп тіктім, – деді Әлкей Марғұлан университетінің студенті Эмир Бахиев.
Бағалаушылар бас киімдерді көру барысында тігіншілерге неге көңіл бөлу керек екенін түсіндірді.
Шебер тігіншілердің ішінде топтан озып, бірінші орынды Эмир Бахиев иеленсе, екінші орынды Қызғалдақ Алденова, үшінші орынды Ольга Яковлева алды.
Айта кетейік, жеңімпаздарға тұрмыстық техника сыйға тартылды. Қатысушыларға сертификаттар мен телефон қуаттайтын құралдар табыс етілді.