Павлодарлық оқушылар жүннен киіз басуды, эко-сөмке тігуді үренді

Павлодарлық оқушылар жүннен киіз басуды, эко-сөмке тігуді үренді

№25 жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушылары қолөнер шеберлерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Шараны Margulan university Өнер және спорт жоғары мектебінің «Көркем еңбек» білім беру бағдарламасының оқытушылары ұйымдастырды. Оқушылар кездесуде жүннен киіз басуды, эко-сөмке тігуді және ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап үйренді.

–Бүгін біз өте қажетті, пайдалы дағдыларды үйрендік. Маған әдемі әшекей бұйымдарын жасау өте ұнады. Өз қолыңмен бірегей өнер туындыларын жасау өте керемет! – деп 8 «Б» сынып оқушысы Диляра Мүсәлім ұстаздарға алғысын білдірді.

Шеберлік сабағында ұстаздар мен оқушы қыздар құрғақ киіз басу әдісі арқылы жүнмен жұмыс жасады. Құрғақ киіз басу үшін жүнді тесетін арнайы инелерді пайдаланған. 

Қыздар шеберлік сабағында кәдесый, декор немесе ойыншық ретінде пайдалануға болатын көлемді жүн бұйымдарын жасауды үйренді. Олар бұл техниканың көмегімен нағыз шедеврлерді – қайталанбас, әдемі бұйымдарды жасауға болатынын білді, – деді Индира Дәулетова.

Сондай-ақ кездесу барысында мектеп оқушылары эко-сөмке тігуге қажетті дағдыларды меңгеріп, тігін машинасының жіптерін реттеуді үйренді. Шара соңында  қол тігістерінің түрлерімен танысып, шеберлердің дайын жұмыстарын тамашалады.