Павлодарда қазақ тілінің этносаралық дәрежедегі мәртебесі талқыланды

Павлодарда қазақ тілінің этносаралық дәрежедегі мәртебесі талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесуде тіл саясатының ерекше рөлі сөз етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Достық үйінде» Павлодар облысы әкімінің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен этносаралық жағдай жөніндегі кеңес өтті. Аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметінің маңыздылығын атап өтті.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің рөлін айрықша атап өтті. Дәл осы тілді дамытуға біздің Қазақстан халқының Ассамбелясы жасап жатқан жұмыстары , қызметі өте зор, – деді облыс әкімі.

Былтыр қазақ тілі курстарына үш мыңнан астам адам қатысты. Бұл облыс әкімдігінің ішкі саясаты тарапынан, оның ішінде азаматтық қоғам ниетінен тегін ұйымдастырылатын курстар.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты – «Ассамблея жастары» ұйымы мемлекеттік тілді үйренуге және насихаттауға бағытталған жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда.

Кездесуде Павлодар қаласының №27 мектеп директорының міндетін атқарушы Тимур Оньянов «Үйде сөйле», «Қазақша ән салайық», «Insta сөздік» жобалары туралы айтты.

Ұлтым орыс болса да, жаным қазақ. Мен бала кезден бастап қазақтың дәстүрі мен мәдениеті бар қоршаған ортада өстім. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап, еңбек жолымды шағын ауыл мектебінде бастаған болатынмын. Мемлекеттік тілді білу мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік білемін, – деді Тимур Оньянов.

Май ауданының балабақша тәрбиешісі, неміс этномәдени орталығының жетекшісі Эрика Оразалина балабақшалар мен мектептерде тіл мәртебесін арттыру қажеттігін атап өтті.

Мектеп кезінен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Қазақ тілінің байлығы мен көркемдігі мені әрқашан таң қалдырады. Басқа ұлттың өкілі болсам да, осы елдің баласы ретінде мен қазақ тілін ана тіліммен тең қабылдаймын, – деп атап өтті «FREUNDSCHAFT» неміс этномәдени орталығының төрағасы.

Ал Екібастұз қаласы №35 мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Виктория Кожамбердина қазақ тілін меңгеруден бөлек, домбыра тартуды өздігінен үйреніп, өнерге балаларды үйретуде.

Маған жиі «сіз қазақ тілін қайдан үйреніп алдыңыз?» деген сұрақ жиі қойылады. Мен қазақ тілін өсе келе, жүре келе үйренген жан емеспін. Өзге ұлт өкілі үшін де қазақ тілі ортақ дүние. Жақында мектебімізде ашылған «Асыл мұра» атты домбыра үйірмесін жетекшілік етіп жүрмін. Ноталарды білмей, өзім үйреніп, қазақ тілімен қатар домбыраны да дамытып келемін. Өзге ұлт балаларында домбыраға деген қызығушылығы, ынтасы, махаббаты өте зор деп айтуға болады, – деді Виктория Кожамбердина.

Наурыз мерекесі қарсаңында «Достық үйінде» өткен кездесуде қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлеріне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі маңызды рәсімдердің бірі – тұсау кесуге қатысты. Асайын Байханов жүруге талпынған бүлдіршін Рамазан Болатовтың тұсауын кесіп, болашағының жарқын болуын тіледі.