Павлодардың пейзаждары қарындаш графикасында бейнеленді

Көрмені бір ай бойы тамашалауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
8 тамыз күні сағат 16.00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Евгений Шалагиннің «Қала келбеті» атты дербес көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Экспозицияда 50-ден астам авторлық қарындаш графикасында орындалған жұмыс ұсынылады. Евгений Шалагин 1974 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Сурет өнеріне бала кезінен ден қойып, алғашында Пионерлер сарайының көркемсурет студиясында, кейін қалалық көркемсурет мектебінде білім алған. Ол әйгілі суретші Александр Фогельзангтың шеберханасында бір жылдай тәлім алған. Томск политехникалық университетін бітірді.
Суретшінің негізгі бағыты – тушь пен қарындаш графикасы және акрил кескіндемесі. Оның туындылары классикалық реалистік мәнерде орындалған қалалық пейзаждармен ерекшеленеді. Сонымен бірге суреттерінен теңіз кеңістігі, дала мен орман көріністері, түрлі көңіл-күйдегі табиғат көріністері де орын алады.
Көрмеде ұсынылатын шығармаларда Павлодар қаласының көшелері мен аулалары, архитектуралық нысандары мен қаланың өзіндік фрагменттері бейнеленген. Автор әр туындысында сюжетке терең бойлап, реңк пен штрих арқылы көркем әсер қалыптастырады