Павлодарлық ғалымдар жаңғыртқан Болған ана шапаны халықаралық көрмеде паш етілді

Павлодарлық ғалымдар жаңғыртқан Болған ана шапаны халықаралық көрмеде паш етілді
Фото: Марғұлан университетінің баспасөз қызметі

Алтын Орда дәуіріне тиесілі бірегей киім халықаралық форум қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті.

Марғұлан университеті ғалымдары бірегей археологиялық олжалар мен көпжылдық зерттеу нәтижелерін ұсынды. Көрмеге Әулиекөл, Қызылоба қорымдары және Мұқыр қорғанындағы қазба жұмыстары кезінде табылған артефактілер қойылды. Экспонаттар Алтын Орда дәуірінің мәдениеті, тұрмысы мен өнер ерекшеліктерін айшықтайды.

Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұлов айтуынша, ең құнды жәдігерлердің қатарында алтын жалатылған тарақ, алтын сырға, көшпелі ақсүйектер жерлеуінен табылған сәндік алтын жапсырмалар, Әулиекөл кесенелерінің сәулеттік декоры мен Өзбек хан дәуірінің теңгелері бар.

- Көрменің негізгі экспонаттарының бірі Алтын Орда дәуіріндегі Болған ана кесенесінен табылған текті әйелдің ғылыми реконструкциясы болды. Жәдігер форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды, - деп хабарлады университетте.

Болған ананың шапанын реконструкциялаумен университет жанындағы археологиялық зерттеулер институтының «Ұмай» халықаралық консервация және реставрация зертханасының меңгерушісі Татьяна Крупа алты жыл бойы айналысқан.

- Осы уақыт ішінде археологиялық қазба кезінде табылған мата реставрациялық тор әдісімен бекітілді. Артефактіні бөліктер бойынша зерттедік. Бұл жердің астында жатқан бір түйір топырақ секілді болды. Оны жуып, тазалап, жіктеу қажет еді. Мен тарих пен мәдениетті тоқыма арқылы зерттеймін, - деді Татьяна Крупа.

Ғалым жіптердің жіңішкелігі, өрнек пен тоқу технологиясы арқылы көне киімнің сыртқы келбетін ғана емес, адамның мәртебесін, дәуірін және мәдени кодын да қалпына келтіреді. 

Татьяна Крупа Оксфорд тоқыма тобының мүшесі, Asian Textiles журналымен ынтымақтастық қарым-қатынаста және археологиялық матамен айналысатын санаулы мамандардың бірі саналады. Сонымен қатар ол Орталық Азиядағы Америка университетінде дәріс оқиды.

Шапанның реконструкциясы түпнұсқаға барынша жақын заманауи материалдардан жасалған. Артефактіні археолог Айбар Кисеналин Ұлытау облысындағы Болған ана кесенесін қазу кезінде тапқан. Зерттеу мен реконструкция нәтижелері Лондонда жарияланған ғылыми мақаланың негізіне айналды.

Костюмнің көшірмесі Қарағанды музейінің экспозициясы үшін дайындалған. Жинаққа шапан, етік және бас киім кірді.

- Археологиялық текстиль - өте нәзік дүние. Халықаралық талаптарға сай мұндай экспонаттарды жарты жылдан артық көрсетуге болмайды. Жошы ұлысы кезеңіндегі бұл шапан британ және француз патшаларының киімдерімен деңгейлес материалдан тігілген. Біз халықаралық көрмелерге жиі қатысамыз, жуырда бұл шапанды Бішкекте көрсеттік. Киімнің пішімі, өлшемі мен тігілу ерекшеліктерін зерттеуге көп уақыт кетті. Барлығы қолмен тігілді. Табиғи бояулармен боялған жібек қамқа қолданылды. Археологиялық текстильдің өмірде қалай көрінгенін адамдарға көрсеткім келді, - дейді ғалым. 

Заманауи зерттеу әдістерінің арқасында мамандар киімнің пішімін, өлшемін, матаның енін және бояғыштардың құрамын анықтаған. Ғалымдардың мәліметінше, шапан бойы шамамен 157 сантиметр болатын ересек әйелге тиесілі болған. Алтын Орда дәуірінде оны тігуге шамамен 40 метр мата жұмсалса, қазіргі реконструкцияға 20 метрге жуық мата кеткен.

Зерттеушілердің ерекше назарын пион гүлдері бейнеленген өрнектер аударған. Ғалымдардың айтуынша, мұндай оюлар Қытайдың Таң дәуірінен бері үйлену салты мен мәңгілік махаббаттың символы саналған. Осыған байланысты шапан Болған ананың той киімі болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр. Сол кезеңде Алтын Орда сарай сәніне қытай мәдениетінің ықпалы күшті болған.

Артефакт микроскопия, химиялық-технологиялық және оптикалық-физикалық әдістер арқылы зерттелген. Мамандардың айтуынша, археологиялық текстиль үшін шапан өте жақсы сақталған.

Ғылыми бағдарлама аясында Марғұлан университетінің археологиялық зерттеулер институтының қызметкерлері Алтын Орда кезеңінің жаңа зерттеулері мен артефактілері туралы баяндамалар жасады. Сонымен қатар павлодарлық жоғары оқу орны Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне бірегей археологиялық артефактіні ресми түрде тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Торайғыров университеті ғалымдары 3500 жыл бұрын Павлодар Ертіс өңірінде өмір сүрген әйелдің келбетін қалпына келтірген.

Тарих ғылымдарының кандидаты Илья Мерц айтуынша, Екібастұз өңіріндегі Жартас қорымы Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің сарғары-алексеев мәдениетіне тән ескерткіш саналады. Археологтар бұл жерден тоналмаған жерлеу орнын тапқан, бұл - ғылым үшін сирек жағдай.

Сүйектердің жақсы сақталуы мамандарға заманауи жаратылыстану зерттеулерін жүргізуге мүмкіндік берген. Зерттеу нәтижесі бойынша, сүйектер 45–55 жас аралығындағы әйелге тиесілі болған. Қола дәуірі үшін бұл өте үлкен жас саналады. Ол біздің дәуірімізге дейінгі шамамен 1506–1446 жылдары өмір сүрген.