Павлодарлық құтқарушылар қаза болған әріптестерін еске алды
Байзақ ауданындағы қайғылы оқиғадан бері бес жыл өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 тамызда ведомство қызметкерлері Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған төтенше жағдайдың салдарын жою кезінде қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етті.
Департамент қызметкерлері қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
ТЖД өкілдері олардың төтенше жағдай салдарын жою кезінде ерлік пен жанқиярлық танытып, кәсіби міндеттерін соңына дейін орындағанын атап өтті.
Қаза болған қызметкерлердің есімдері мен ерлігі азаматтық қорғау жүйесінің тарихында сақталады.
Еске салайық, 2021 жылғы тамызда Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған өрт пен жарылыстар кезінде қаза тапқандардың арасында өрт сөндіру жұмыстарын басқарған Мейіржан Айманов та болды. Оған ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Кейін Павлодарда оның құрметіне мурал салынды.