Павлодарда «Халық қаһарманы» Мейіржан Аймановтың муралы пайда болды

Павлодарда «Халық қаһарманы» Мейіржан Аймановтың муралы пайда болды
Фото: Константин Шелков

Ол 2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында отпен арпалысып қаза тапқан өрт сөндірушілердің бірі болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мурал Павлодар қаласы, Катаев көшесі, 46 үйдің қабырғасында салынды. Павлодарлықтар өрт сөндірушіні ұмытпағандарын, оның ерлігін және суретшінің шеберлігін жарыса жазуда.

– Біз бұл жұмысқа кірісетін кезде қайтыс болған батырдың туыстарының алдында үлкен жауапкершілікті сезіндік, – деді қабырғаға сурет салу студиясының жетекшісі Антон Толчин.  Бірақ бәрі  ойдағыдай өтті, ауарайы қолайлы болды және 23 сағаттың ішінде аяқтап үлгердік.

Суретшінің айтуынша, ғимараттың қасбеті плиткамен қапталған, бұрын боялмаған. Мұндай  қабырғалар муралдар салу үшін өте қолайлы. Бұл – павлодарлық студияның сегізінші үлкен жұмысы.

Өрт сөндірушілер қаза тапқан әріптесін еске алу кешін өткізеді. Мейіржан Айманов бітірген ҚР ІІМ Павлодар техникалық колледжі аумағында  шыршаралардан аллея жасалып, шағын футболдан турнир өткізіледі.

Айта кетелік, алапат жарылыс кезінде Мейіржан Айманов үш елді мекеннің 710 тұрғынын Тараз қаласына эвакуациялаған. Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов Қорғаныс министрлігінің №28349 әскери бөлімі аумағында оқ-дәрілер жарылысы салдарынан болған қайғылы оқиғада өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

"Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын (марқұм)", – делінген құжатта.