Павлодарлық әйел сұлулық салонында термиялық күйік алды
Ол медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала тұрғыны облыс орталығындағы сұлулық студияларының бірінен лазерлік косметология қызметтерінің пакетін сатып алып, оған 132 мың теңге төлеген.
Алайда процедура кезінде оның терісі зақымданып, терең термиялық күйік алған. Бұл жағдай кейін медициналық құжаттармен расталды.
Клиенттің айтуынша, салонға алғаш барған кезде процедураны кейін анықталғандай, студияның қызметкері болып табылмайтын әйел жасаған.
Осыдан кейін павлодарлық салон әкімшілігіне сотқа дейінгі талап-арыз жолдап, келісімшартты бұзуды, пайдаланылмаған қызметтер үшін төленген 127 мың теңгені қайтаруды және денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді талап еткен.
– Салон қыздың келісімшартты бұзу туралы талабынан бас тартты, – деп хабарлады облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті. – Біздің мамандар оған құқықтық көмек көрсетіп, туындаған дауды реттеуге жәрдемдесті.
Нәтижесінде екі тарап өзара келісімге келіп, клиентке 127 мың теңге қайтарылды.
Департамент мамандары, әсіресе косметология саласында қызметтер мен тауарларды таңдағанда мұқият болу, жарнаманың жетегінде кетпеу және қызмет көрсету шарттарын мұқият зерделеу қажеттігін еске салды.
Еске сала кетейік, тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, бірыңғай ақпараттық жүйе – Е-otinish арқылы өтініш беруге немесе департаменттің +7 (7182) 55-10-70 нөміріндегі сенім телефонына хабарласуға болады.