Павлодарлық екі мектепте әкелер кеңесі ашылды
Мұндай тәжірибе «Білім-Инновация» лицей-интернаты мен «Жас дарын» мамандандырылған мектебінде қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы бірінші облыстық ата-аналар форумына қатысушы әкелердің бірі айтты.
– «Білім-инновация лицейінде» алғаш рет әкелер кеңесін аштық. Содан кейін «Жас дарын» мектебінің басшылығы осы идеяны қолдап, қатарымызға қосылды. Алғашында 150-ден астам әке қатысса, артынша тағы отыз адам қосылды, – дейді әкелер кеңесінің мүшесі Ризат.
Оның төрт баласының екеуі осы мектептерде білім алады. Оқу орындарында әкелер ұлдармен тәрбиелік әңгіме жүргізіп, кәсіптік бағдар сағаттарын өткізеді. Әрбір әке бір күнді таңдап, мектеп оқушыларына өз мамандығы туралы айтып береді.
– 8 наурыз мерекесімен ұстаздарды, аналарды, оқушы қыздарды құттықтаймыз. Бұл біздің ұлдарымызға үлгі болды деп ойлаймын, – дейді Ризат.
Осы жазда әкелер кеңесі екі мектептің балаларын Павлодар облысындағы Луганск және Розовка ауылдарына апарып, балалар ауыл өмірі туралы көбірек ақпарат алған. Жергілікті фермерлер өздерінің қажырлы еңбектері туралы айтып берді.
Облыстық ата-аналар форумының төрайымы, облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова белсенді әкелерге жоғары баға беріп, мұндай тәжірибе республикалық деңгейде жүзеге асыру керектігін айтты.