Павлодарлық ата-аналар мектептерге инспекторларды қайтаруды сұрады
Олар оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылықтарды бақылауға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұндай ұсынысты бірінші облыстық форумға қатысушылардың бірі, Аққулы ауданындағы Ямышевская мектебінің мұғалімі айтты.
Оған облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров жауап берді.
– Бұрын әр оқу орнында мектеп инспекторы болатын. Үш жыл бұрын бұл лауазым жойылды. Қазір әр ауылдық округте бірнеше мектепті бақылайтын учаскелік полиция қызметкері бар. Әрбір білім беру мекемесіне ювеналды полиция инспекторларынан бөлек, полиция департаментінің бөлім басшылары мен облыстық прокуратураның басшы қызметкерлері бекітілген, - деді Жасқайрат Қайыров.
Форумның тағы бір қатысушысы – Ақтоғай ауданынан келген ата-ана Динара Қасенова мектеп оқушыларының смартфондарындағы контентті мемлекеттік деңгейде реттеуді, қатыгездік пен қылмысты көрсететін кейбір YouTube арналарына тыйым салуды ұсынды.
Ата-аналардың барлық ұсыныстары облыстық альянс жұмысына қабылданады.