Павлодарлық хирургтер жарықты емдеудің озық технологиясын меңгерді
Науқастар небары 2-3 күнде үйіне оралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық №1 ауруханасында жарықты хирургиялық жолмен емдеудің заманауи E-TEPP әдісі қолданысқа енгізілді. Миниинвазивті тәсіл хирургиялық араласудың жарақаттық әсерін азайтып, науқастың тезірек сауығуына мүмкіндік береді. Әдістің тағы бір артықшылығы – операциядан кейінгі асқыну қаупінің төмендеуі.
Қазан айының басында Павлодар қалалық №1 ауруханасында Ресейдің жетекші герниологы жергілікті хирургтерге арнап шеберлік сабағын өткізді. Тәжірибелі маман Владислав Бурдаков шап, кіндік және операциядан кейін пайда болатын жарықтарды емдеудің озық тәсілдерімен бөлісті. Оқыту аясында үш ота жасалды. Қазір аурухананың жоспарлы және шұғыл хирургия бөлімінің дәрігерлері бұл әдісті күнделікті тәжірибеде кеңінен қолданып келеді. Жаңа технология көмегімен ондаған науқасқа операция жасалып үлгерген.
№1 Павлодар қалалық ауруханасы жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Алмас Жұмабековтің айтуынша, бұрын жарықты емдеу үшін ашық, яғни тіліп жасалатын операциялар жиі қолданылған.

– Операция бірнеше шағын тілік арқылы жасалады. Жарық орны қалпына келтіріліп, арнайы торлы имплант орнатылады. Соның арқасында жарықтың қайта пайда болу қаупі төмендейді. Бұрын ашық әдіспен ота жасалған науқастар ауруханада бір аптадан астам уақыт жататын. Қазір жаңа тәсілдің арқасында пациенттерді 2–3 күнде үйіне шығарамыз. Қалпына келу кезеңі де әлдеқайда жеңіл, – деді Алмас Жұмабеков.
Мамандардың сөзінше, E-TEPP әдісі жараға байланысты асқынулар санын 40–50 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оңалту мерзімі қысқарып, науқастар күнделікті тіршілігіне жылдамырақ оралады.
Мұның тиімділігін ем қабылдаған павлодарлық Виктор Манаковтың жағдайынан да байқауға болады. Ол кіндік жарығымен бес жыл бойы жүрген. Бұған дейін, 1980-жылдары, ашық әдіспен ота жасатқанымен, ұзақ уақыт оңалуға мәжбүр болған.

– Бұрынғы операциядан кейін қалпыма келуіме көп уақыт кетті. Бұл жолы бәрі басқаша өтті. Ота тез жасалды, ешқандай ауырсыну сезбедім. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жақсы күтім көрсетті. Бірнеше күннен кейін ауруханадан шықтым. Қазір тек таңу процедурасына келіп жүрмін. Әзірге ауыр зат көтермеу керектігін ескерттіп, сол нұсқауларды орындап жүрмін. Дәрігерлерімізге алғысым шексіз, – деді Виктор Манаков.
Ақ желеңділердің мәліметінше, ауруханада жыл сайын жарыққа байланысты шамамен 150 операция жасалады. Жаңа технологияның енгізілуімен бұл көрсеткішті 250-ге дейін арттыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, мұндай операцияның құны 430 мың теңгені құрайды. Алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында Виктор Манаковқа хирургиялық көмек тегін көрсетілді.
Фото: автор